Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет аталған қазақстандық ұсыныстарды өзінің 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өткен 13-сессиясы аясында мақұлдап, қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді.
"Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары" халқымыздың "қымызмұрындық", "бие байлау" және "айғыр қосу" деген жоралғыларын қамтиды.
Қымызмұрындық - бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер "қымызмұрындыққа" шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, "көпке бұйырсын" деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне алғыс айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді.
Бие байлау - бие сауып, қымыз ашыту. Дәстүрлі ортаның бие байлап, қымыз сауу маусымында атқарылар еңбекке қатысты дәстүрінің ішіндегі салтанатты салтының осы бірі - бие байлау. Ел жайлауға шыққан кезде сауылатын биелерді бөле бастайды. Алдымен желі тарту үшін қазықтар қағылады, бірінші қазықты жылда арнайы қазық қағып жүрген тоқпақтың сабына ақ мата байлап, үлкен ақсақалдардың бірі қағу ишарасын жасайды. Желі тартқанда әрбір бес құлынның ортасына бір қазық қағылады. Желі маңы биебау деп аталады.
Әйелдер сабалар мен көнектерді әбден жуып, желінің басына кептіреді. Малым құт әкелсін деген ниетпен биебаудың үш қазығының, желі арқанның басына, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жағады.
Одан кейін шу асау құлындарды шалма, құрықтың көмегімен ноқталап желіге байлайды. Алғаш байланған құлындардың мойны созылып қалмас үшін үйренгенше үнемі бақылауда ұстайды. Құлындарды желіге байлаған соң, биебаудың шайын дайындайды. Желінің басына шай жасалып, жиналған жұрт құрт, ірімшік, тоқаш. тамағымен келеді. Мұны "шашу шай" дейді. Желі басында жайылған дастарқанға үлкен-кіші, бала-шағалардың барлығы келеді. "Байлар көбейсін" деген игі ниетпен бата- тілектер айтылады.
Айғыр қосу - жылқының құтпанын аталық ретінде тандауға байланысты жасалатын рәсім. "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" атты энциклопедиясындағы мәлімет бойынша, айғыр қосуға тандалған құлынды жас кезінен таңдап, оның жалы, шоқтығы, құйрығына қол тигізбейді, яғни оны күзеп, кеспейді. Қол тигізсе киесі басылады, жал құйрығын күзеп тастаса сұсы қайтады-мыс.