2014 жылдың қарашасында UNESCO қазақтың күйі мен киіз үйін адамзаттың мәдени мұрасы қатарына қосты. "Материалдық емес мәдени мұраны сақтау комитеті адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының қайта таныстыру тізіміне жаңа он элемент енгізді, олардың қатарында "Вырумаа үйезіндегі дәстүрлі монша (Эстония)", "Қазақтың домбырамен дәстүрлі күй орындау өнері (Қазақстан), "Қырғыз бен қазақтың киіз үй тігу тәсілдері (көшпелі түркі халқы)" (Қазақстан, Қырғызстан) бар", - делінген UNESCO хабарламасында.
"Қазақтың күйі қос ішекті дәстүрлі, алмұрт іспеттес, ұзын мойыны бар аспап - домбырамен орындалатын жеке аспапты қойылым дегенді білдіреді. Күйдің маңызы тарихи түп тамыр мен салт дәстүрді байланыстырып классикалық және суырып салма орындау арқылы халықпен байланысуында жатыр. Күй отбасылық немесе көпшілік жиындарда орындалады және әдетте аңыз, әңгімелер қоса айтылады. Домбырамен күй орындаудың қазақ халқының әлеуметтік бірлігі мен өзіндік ерекшелігін, ауызбіршілігін сақтаудағы атқаратын маңызы зор", - делінген UNESCO сайтында.
Ғылыми зерттеулерде киіз үйдің пайда болуы туралы әртүрлі пайымдаулар айтылады. Қазіргі киіз үйдің алғашқы нұсқалары мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Кейбір деректерде киіз үй үлгілері біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 мың жылдықта, тас дәуірі мен қола дәуірі аралығында пайда болған деп жорамалданады.
Киіз үйдің қазіргі прототипі, С.И. Вайнштейннің пікірі бойынша, б.з.д. 1 мың жылдықтың ортасында дүниеге келген. Ол өзінің құрылымдық жағынан бұрынғы ғұндардың жылжымалы баспанасымен байланысты қалыптасқан көне түркі типіндегі киіз үйлер болған.
Киіз үйдің қалыптасуына әсер еткен ең алғашқы жыл- жымалы баспаналар қазіргі күрке, қос, итарқа, лашық, шайла деп аталып жүрген уақытша тігілетін қарапайым «үйлер» болған. Күрке және қос тәрізді үйлер арба үстіне де орнатылған.
Қазақтың киіз үйі арғы-бергі замандағы саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын аударғандығы белгілі. ХІХ ғ.-дағы қазақ киіз үйі мен оның кереге, шаңырақ, уық тәрізді бөлшектерін, олардың ерекшеліктерін В.В. Радлов айрықша атап өтеді. Зерттеуішінің айтуынша, қазақтардың киіз үйлері кейбір халықтардың үйлеріне қарағанда тазалығымен, үлкендігінен ерекшеленеді.
Этнограф Х.Арғынбаевтың байқауынша, киіз үйге жарайды-ау деген ағашты үйшілер көбінесе ерте көктемнен бастап әзірлеп, кемінде бес-алты ай, кейде тіпті жыл бойы көлеңкеде кептіреді. Ағаштың ұзындығы мен жуандығы кереге мен уық жасауға жарамды болуы керек, олардың қисықтығы онша ескеріле бермейді. Өйткені, ағаштың қисық жерлері арнаулы қалыппен түзетіледі. Шаңыраққа деп дайындалатын ағаш қайыңнан таңдап алынады. Таңдағанда мүмкіндігінше түзу, әрі бұтақсыз қайыңға тоқтайды. Кейде мұндай ағаштар жуандау болса, оларды ұзынынан жарып, істелетін заттың түріне қарай шауып, ыңғайлап алады.