Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері

Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері

Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері - Қазақстандағы және Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан. Бұл шешім 2008 жылдың 7 шілдесінде Квебекте (Канада) өткен Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында қабылданған болатын.

Нысан Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450 344 га. болатын екі қорық. Олар: Қорғалжын және Наурызым қорықтары. Нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің суайырығы. Сонымен қатар, жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығыс Сібірде орналасқан ұя салу орындарына миграциялайтын миллиондаған жыл құстары үшін маңызды аялдау жері.

Бұл сулы-батпақты алқаптар жаһандық қауіп төнген кәдімгі қоқиқаз, бұйра бірқазан, ақ тырна, тарғақ, аққұйрықты субүркіт, ақбас үйрек сияқты құстардың популяциясын демеп тұруға үлесін тигізіп келеді және бұдан басқа нысанға енген 200 мың га. орта азиялық жазықтық далалық аймақ флорасы жартысынан көбісінің, сонымен қатар ақбөкеннің мекен ету аймағы.