Атырау облысы, Жылыой ауданы Аккиізтой ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан.Кешеннің негізгі нысаны– Бекет ата тұрғызған жерасты мешіті. Үш жылға (1771-1773 жж.) созылған мешіт құрылысын ауылдасы Соқырша деген жігіт басқарған. Ол турасында ғылыми-тарихи танымдық әдебиеттерде XIX ғасырдан бері жазылып келеді. Маңғыстау мен Жемді 1820-1821 жылдары аралаған орыс зерттеушісі Э. Эверсманның жазғанына қарағанда, «Үстіртте таудан қашап жасалған мешіттер парсы, араб, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш-зиратты Бекет төрт жерден қашаған. Оның ... үшіншісі – Жем өзені бойында...» Көнекөздердің дерегінде, Бекет Ата өзі салдырған Ақмешітте жас кезінде болыпты. 1851-1852 жж. орыс саяхатшысы, подпоручик Алексеев Үстіртке топографиялық зерттеу жүргізген кезде Ақмешітті де назарға алды. Ол 1853 жылы жарық көрген «Солтүстік Үстірттің жағырапиялық сипаттамасы» деген кітабында былай деп жазды: «Бұдан 50 жыл бұрын (1803) Жемнің жоғарғы жағындағы Ақмешітті...Бекет...жазғы мекен ретінде салдырған екен. Осы мешітте Бекет ұл балаларды оқытып, хат танытқан». Мешіттен басқа Ақмешіт кешенінде 32 құлпытастан, 2 қойтастан, 2 күмбезді кесенеден және бір сағанатамнан тұратын қорық кіреді. Сәулет-сәндік және тарихи-этнографиялық маңызға 13 құлпытас ие болады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –255-257-бб.