ШОПАН АТА ЖЕРАСТЫ МЕШІТІ

ШОПАН АТА ЖЕРАСТЫ МЕШІТІ

Шопан ата жерасты мешіті Қызылсу жеріндегі (Түйесу құмының солтүстік шеті) киелі нысан, Қызылсай кентінен солтүстік-шығыс бағытта 42 шақырым жерде орналасқан. Тарихи және сәулет өнерінің ескерткіші ХII–ХIII ғғ. өмір сүрген, сопылық ағымды таратушылардың бірі Шопан ата есімімен тығыз байланысты. Мешіт бір-біріне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұрады. Есіктің сыртқа шығар аузы алдында беті шымылдықпен перделенген қабірхана бар. Оған Шопан атаның қызы жерленген деген дерек бар. Мешіттің төменгі жағында құдық бар.

Аңыз бойынша, Шопан ата аты аңызға айналған Ахмет Ясауи сопының шәкірті болған, Ханафия бағытын ұстанған. Бір күні ұстазы шәкірттерін жинап алып, дүние жүзіне ислам дінін, сопылық идеяны уағыздау үшін жебе атқызып, жебе қай жаққа түсті, сол жаққа баруы керек екендіктерін түсіндіреді. Шопан атаның жебесі Маңғыстауға ұшып барып, бай малшы Баянның иелігіне түсті. Шопан ата байға жұмысқа орналасады, бірақ Баян оның келу мақсатын түсінеді. Малшы Шопан атаға өз қызын тұрмысқа береді. Шопан ата тау етегінде жебесі түскен жеріне жер асты мешітін салады. Шопан ата халық арасында тәңіршілдік пен мұсылмандық дінді байланыстырған рухани нәр беруші адам  ретінде танымал.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –227-229-бб.