«Қазақ елі» монументі – халқымыздың көне тарихы, мәдениеті мен жетістіктерін әспеттейтін ауқымды кешен, Қазақстанның тәуелсіздік рәміздерінің бірі. 2009 жылы ашылған бұл мәдени-архитектуралық монумент Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.
Монументтің авторлары – Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов. Ақ мәрмәрден құйылған монументтің биіктігі – 91 м, бұл еліміз егемендік алған 1991 жылды меңзейді. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр. Монумент түсінің ақ болуы қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмал, ақ ниетін паш етсе керек.
«Қазақ елі» монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колонна да орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаның қақ ортасында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызылған. Оның төрт қырлы болған себебі – дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал дегенді айғақтайды.
Орталық барельеф – «Халық және Президент» деп аталады. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Елбасының алақаны ел Конституциясының үстінде тұр. Бұл тәуелсіз елде заңның үстем болатынын меңзейді. Монументтің оң жағындағы екінші барельеф – «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлдарының ежелден қасиетті борышы болғанын көрсететін бейнелер шоғырланған. Ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған. Батыс жақ бетке орналастырылатын «Жасампаздық» атты барельефте авторлар Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелемек болған. Сондағы жасампаздықты туғызған ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар бейнесі көрінеді. Ал монументтің шығыс жағындағы «Болашақ» атты барельефте тәуелсіз елде өсіп, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары бейнеленген.
Осы идеялардың бәрі Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген «Бірлік» атты мүсіндік композициямен аяқталады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –474-476 бб.; Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –43-б.