«МӘҢГІЛІК ЕЛ» САЛТАНАТТЫ АРКАСЫ

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» САЛТАНАТТЫ АРКАСЫ

Нұр-Сұлтандағы «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы бірегей сәулет ескерткіші ҚР Президентінің бастамасымен 2011 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашылды.

Тарихқа терең бойласақ, «Мәңгілік Ел» болудың мақсат-мұраты түбі бір түркі халықтары үшін арман-тілектің ең үлкені. Түркі шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылған. Қазақстан бүгінгі таңда дамыған елдермен терезесі тең, әлемдік қауымдастық таныған, абыройлы мемлекетке айналды. Ал оның орталығы Нұр-Сұлтанда – маңызды шешімдер қабылданатын, әлемнің спорт, мәдениет, білім және ғылым салаларының өкілдері бас қосатын Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпір іспеттес.

«Мәңгілік Ел» монументі гранит пен мәрмәрдан жасалды. Арка қазақ оюларымен безендірілген. Сәулеттік конструкцияның биіктігі – 20 метр, ал енінің 13 метр болуының да өзіндік мән-мағынасы бар. Қазақ өз ұлын «Он үште отау иесі» деп ірге көтерген баласына ер болудың, өзі үшін ғана емес, отбасы мен тұтас елге жауапты болудың алғашқы жолын нұсқаған. Қақпаның сол жағына қазақ ұлтының санасында ертеден қалыптасқан – даналық, данышпандық, ғұламалық нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы – Ақсақалдың мүсіні қойылған. Қақпаның оң жақ бетінде отбасының ұйытқысы – Әйел-Ананың бедерлі мүсіні орнатылған.

Елордадағы «Мәңгілік Елдің» бет-бедерінде бергісі қазақ тарихымен бірге, арғысы Ұлы Даланы дүбірге толтырған Түркі заманының айшығы жатыр.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –478-480-бб.