Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Бозоқ қалашығы Сарыарқаның ортасында солтүстік сібір бассейні өзендерінің (Есіл, Сілеті, Шідерті) және Орта Азиялық (Нұра, Сарысу) өзендерінің салалары түйіскен жерінде, яғни Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бұзұқты көлінің шығыс жағалауында орналасқан.
Бозоқ қалашығының Қазақстан астанасы үшін оның ертедегі дерегі ретінде маңызы өте зор. Мыңдаған жылдар бұрын қазіргі Астананың орнында әскери бөлімшелердің пайда болуы геостратегиялық фактормен байланысты, ол далалы Жібек жолының керуендерін бақылауға арналған болуы мүмкін. Бұл жер шаруашылық иеліктерге, әскери стратегиялық плацдармға, сауда жолдарын бақылауға арналған бірегей орын.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазған
Бозоқ қалашығы солтүстіктен оңтүстікке созылған үш негізделген топтан тұрады (орталық, солтүстік және оңтүстік). Қалашықтың орталық бөлігін үш төртбұрышты орлар құрайды. Әрқайсысы дуалмен қоршалған кварталдар бір-біріне тіркесіп жатыр.Үш кварталдың түйіскен жерінде тік бұрышты алаң кездеседі.
Қала X-XІ ғасырларда аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, әрі Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болды. XІІІ-XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды. ХІV ғасырдан бастап Бозоқ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған.
Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие бола бастады. Мұсылмандар арасында киелі орын саналып, бұл жерде құлшылық етіп, әруақтарды еске алып, ас берілетін болды, ұлттық ойындар ойналып, жарыстар өткізіліп тұрды. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ селеулі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек.
Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек Жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Нұр-Сұлтан бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:
Фолиант, 2017. –101-104 бб.