Беспақыр кесенесі
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Ақмола облысы
Киелі орынАқмола облысы

Беспақыр кесенесі

Аңыз бойынша, мазар XIX ғасырдың 30-жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде ерлік көрсеткен бес батырдың құрметіне тұрғызылған.

50°35′ с.е. · 69°59′ ш.б.

Беспақыр кесенесі ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында салынған Қазақстанның ерекше діни сәулет ескерткіші болып табылады. Ақмола облысы Қорғалжын ауданы аумағында орналасқан.

Беспақыр кесенесі

Кесене алғаш рет 1987 жылы, одан кейін 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының жиынтық бөлімімен (жетекшісі – Г.Қамалова) зерттелген.

Аңыз бойынша, мазар XIX ғасырдың 30-жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде ерлік көрсеткен бес батырдың құрметіне тұрғызылған. Беспақыр атануы да содан. Екі бөлмелі болып салынған мазардың құрылысы өзгеше. Шығыс жағында орналасқан есік арқылы көлемі үш метрге жуық сопақшалау бөлменің ішіне кіруге болады. Есік еңселі, биік, арка тәрізденіп, ойықшалармен безендіріліп қаланған. Ал қабырғалардың биіктігі көз мөлшерімен алғанда үш метрге жуық. Білетіндердің айтуына қарағанда, кесенеге қолданылған шикі кірпіш әу баста қой сүтіне аттың қылы мен саз балшықты араластырып соғылған. Жылқы қылы жылдар өтсе де тозып үзілмейтін берік, мықты. Иен даладағы желдің өтінен, қар мен жаңбырдан іріп, қайтадан балшыққа айналып кетпей тұруының өзі кірпіш дайындаған шеберлердің өз ісінің майталман мамандар екендігін аңғартады. Дөңгелек келген мазар күмбезсіз сфера тәрізді жерлеу камерасынан және конус тәрізді күмбезі бар порталдан тұрады. Кесене күмбезді, сағана түрінде орындалған мазардың өзгеше типін сипаттайды.

Сілтеме: 1. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –379-380 бб.; 2. Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –82-б.