Монумент саяси, тарихи оқиғаға байланысты орнатылған. Ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш 2012 жылы 31 мамырда ашылды. Бұл монумент бас шаһар Нұр-Сұлтанның оң жағалауындағы Абай көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан. Авторы – Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Орал Әлібаев, ол өз жұмысын «Қасірет керегесі» деп атаған.
«Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің сәулеттік композициясы екі мазмұндық бөлімге негізделген. Монументтің негізгі идеясы көкке қолын жайып, үмітпен жәрдем сұраған, өз ұрпағына өмір тілеген әйел-ана бейнесінен көрінеді. Сондай-ақ, композициялық мүсіндер дөңгелек жерошақ бейнесіндегі шеңбердің ішінде, ана мен бала бейнелерімен бірге, қазақ халқының ескі қорымдарында орнатылатын балбал тас мүсіндері қойылған. Бұл көрініс арқылы аштық салдарынан өмірден мезгілсіз өткендер мен тірі қалғандар арасындағы байланыс үзілмейтінін білдіреді. Сәулеттік композицияның артқы қапталына «Қасірет керегесі» тұрғызылған.
Қазақ тарихында орны өшпес тарихи кезеңдердің бірі – ашаршылық кезеңі. Қазақ халқы 1921 және 1932-1933 жылдардағы ашаршылық нәубеттен үлкен демографиялық опатқа ұшырады. Бүгінде сол жазықсыз жер жастанған миллиондаған құрбандарды 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандары және репрессияға ұшырағандармен бірге еске алады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –446-447 бб.; Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –29-б.