Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жерде, Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Көне түркі дәуіріне жататын Қозы Көрпеш –Баян сұлу мазары – қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап соғылған махаббат некрополі. Қазақстандағы санаулы «дің» ескерткіштердің топтамасына кіреді. Қазақ лиро-эпосының ең көнесі саналатын бұл жырды ислам дініне дейінгі ұлы даланы мекендеген тайпалардың қоғамдық қарым-қатынасы, күн көрісі, экономикалық малшаруашылық негізі, көшпелілік табиғаты суреттелген ресми дүние деп те қабылдауға болады. Көп варианттылығы бұл жырдың реалистік қасиетін арттыра түседі.
Ескерткіш адырнасы оншақты шақырымға кере тартылған алып садақтың атылуға даяр тұрған жебесіне ұқсайды. Қазақтың біраз руының таңбасы –жебе. Садаққа ұқсаған иін жиырма шаршы шақырымға жуық жерді алып жатыр. Бабаларымыз некропольды тұрғызғанда оның меңзейтін ойын қоса ойластырыпты. Қашанда жебенің жауды нысанаға алатыны белгілі. Кесененің құрылыс материалы – жалпақ тастар пирамидалық үлгіге сәйкестене қаланған. Төрт жағының бірінде симметрияның сақталмауынан ойыс пайда болған. Қозы мен Баян некрополі – Египет пирамидаларының жебе бейнесіндегі бір түрі.
Сілтеме: 1.Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –243-245 бб.
2.Қасиетті Қазақстан. https://www.youtube.com/watch?v=PlilR9vpA9k
