Діни нысан Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылында орналасқан.
Мұсылмандар мешіті немесе Ақмешіт аталатын ғимарат XIX ғ. соңындағы ерекше діни сәулеттік ескерткіш болып табылады. Мешіт жергілікті тұрғындардың қайырымдылық есебінен салынған. Жаңа мешітке негізгі қаржыны Арақарағай болысы Мінайдар Қылышбаев, Есентай қажы, Нұржан ақын, Кәрім, Лекер қажы секілді қазақ байлары жинап, Троицкідегі «Ағайынды Яушевтер» сауда үйінің өкілі белгілі татар көпесі Әбдуәлі Ахмедханұлы Яушевке жібереді. Бұдан кейін құрылысқа қажет керек-жарақтар келе бастайды. Мешіт құрылысына 1000-ға жуық адам қатысқан. Өрнегін жасап, әшекейлеу үшін Санкт-Петербург қаласынан мамандар, суретшілер және Қазан қаласынан шеберлер шақырылған. Олардың жатар орны, тамағы Арақарағай болысының мойнында болады. 1893 жылы мешіттің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Мешіт күйдірілген кірпіштен салынған. Мешіт аумағы – 844,3 шаршы метр, бір мұнаралы, екі қабатты, күмбезінің биіктігі – 18,890 шаршы метр, мұнарасының биіктігі –22,745, 1000 адамға арналған. Биіктігі 6 м болатын мешіт ғимараты бөлінген. Мешіттің жартылай дөңгелек шығыңқы жері азан шақыратын биік мұнарамен аяқталады.
Мешіт 1930 жылға дейін барлық мұсылмандарға қалтқысыз қызмет етті. Кеңес үкіметі кезінде мешіт клуб ретінде қолданылды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ғимаратта эвакуациялық пункт, соғыстан кейін мұнда ЖККТ (жас көрермендер кинотеатры) орналасты. 1980-1991 жылдары ғимаратқа облыстық филармония жайғасты. 1991 жылғы 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылды. 2002 жылы мешітке көрнекті діни ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –287 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –201-б.
