Қошқар ата кесенесі мен бұлағы
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Түркістан облысы
Киелі орынТүркістан облысы

Қошқар ата кесенесі мен бұлағы

Қылыш Бұхарада ондаған жыл оқып, еліне келіп мешіт пен медресе ашып, қазіргі Шымкент қаласының іргесін ең алғаш болып қалаған деседі.

41°46′ с.е. · 69°35′ ш.б.

Қошқар ата кесенесі мен бұлағы Шымкент қаласы Қошқар ата өзені бойында орналасқан.

Аңыздарда Қаратау қойнауында XI ғасырда өмір сүрген Қылыш атты бала жастайынан алғыр болып, жеті жасында Бұхараға оқуға аттанады. Сол замандарда Арқар деген көзсіз батыр кісі болыпты (Арқар – Қылыштың төртінші атасы). Оқуға кетерінде ата-анасы ұлына «Сен Арқар атаңдай болмасаң да, қошқардай бол, балам» деп батасын беріп, ат қойса керек. Осыдан бастап Қылыш бала Қошқар атанып кетіпті.

Қылыш Бұхарада ондаған жыл оқып, еліне келіп мешіт пен медресе ашып, қазіргі Шымкент қаласының іргесін ең алғаш болып қалаған деседі. Әліге дейін елімізде әулие жерленген деген 10-нан аса орын бар. Өйткені ол барып, бұлақ көзін ашқан өңірдің барлығын дерлік қарапайым халық жан баласы баспайтындай етіп шеңгелмен, қышпен қоршап отырыпты. Ал оның Бұхарада білім алып жүрген шағында оған ұстазының айрықша ілтипатпен қарап, құрмет танытқаны баяндалады. Ұстазының мұнысын ұқпаған шәкірттері өздерінен бөле-жара қараған баланы көп шеттетеді. Сонда бір күні балаларды орманға отын жинатуға алып барған ұстаз, Қошқарды өзеннің арғы бетіне барып отын жинап келуге жұмсайды. Сонда ол батпай, судың бетімен сырғып жүріп өтіп, арғы жағаға жеткен екен. Мұны көрген құрдастары да осыдан кейін оның бойында Құдай берген қасиет барына көздерін жеткізіп, басқаша қарай бастапты.

Баба атымен аталатын бұлақ қаланың қақ орта тұсында, теміржол вокзалы маңынан бастау алады. Жер астынан атқылап шыққан қайнар бұлақтың суы қаланың ортасымен жарып өтіп, Бадам өзеніне қосылады. Бұлақ басында балықтар топ-тобымен жүзіп жүреді. Адамдарға үйренгені соншалық үрке де қоймайды. Мөлдіреп аққан бұлақтың суы тұщы. Ал бұлақ суының шипалылығы бөлек әңгіме. Бұлақ басынан қысы-жазы адам аяғы сиремейді. Суын ішіп, суына шомылып ем алып жатады.

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –410-б.