Арыстан баб кесенесі
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Түркістан облысы
Киелі орынТүркістан облысы

Арыстан баб кесенесі

Қожа Ахметтің мәліметі бойынша, Арыстан баб 568-634 жылдары өмір сүрген құрайыш Әбу Бәкір Сыдық әулетінің ұрпағы.

42°51′ с.е. · 68°16′ ш.б.

Кесене Қожа Ахмет Ясауидің рухани ұстазы болған діни қайраткер Арыстан бабтың жерленген жеріне салынған. Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы маңында орналасқан. Кесененің салыну уақыты ХІV ғасырдың екінші ширегі. А.Черкасовтың жазбаларында Арыстан баб кесенесі әулие және шәкірттері жатқан екі бөлмеден, сондай-ақ алдындағы бастырмадан тұрғанын Бұлардың жобасы ХІV ғасырдың құрылысына сай келеді. Кесене дәлізхана, мешіт, құбырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Мешіт қабырғасында Мекке бағытын көрсететін ойық-михраб бар.

Ұстаздардың ұстазы Арыстан баб ХІ ғасырда өмір сүріп, Қазақстан мен Орталық Азия аумағында Ислам дінінің таралуына ықпал еткен, Исламның сопылық бағытының негізін салушылардың бірі және Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Отырар, Сайрам, Ясы (Түркістан) жеріндегі сопылардың рухани ұстазы болған тарихи тұлға. Аңыз бойынша, Арыстан баб Мұхаммед Пайғамбардың елшісі болған.

Арыстан бабтың өміріне қатысты деректер мүлде аз. Тек қана Қожа Ахметтің Ясауидің «Хикметтерінде» Арыстан баб туралы бір-екі ауыз мәлімет қана кездеседі. Қожа Ахметтің мәліметі бойынша, Арыстан баб 568-634 жылдары өмір сүрген құрайыш Әбу Бәкір Сыдық әулетінің ұрпағы. 90-шы хикметінде «Арабтардың ұлығы кіршіксіз таза затыңыз» дейді.

Арыстан баб жөніндегі аңыз бойынша, дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, халық соңынан ілесіп, түйе шөккен жерге Арыстан баб қойылған екен. Арыстан баб кесенесі ғасырлар бойы түрлі өңдеу-жөндеуді басынан кешірген құрылыс. Кейде Арыстан бабтың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргенін тілге тиек ете отырып, оның кесенесі Арыстан баб дүние салған соң іле-шала тұрғызылған деген жорамал айтылады. Алайда бізге жеткен қазіргі кесенеде ХІІ ғасырдың белгілері жоқ. Бұл арада біз ислам дінінің алғашқы кезде қабыр үстіне төбесі жабық құрылыс тұрғызуға тыйым салғанын есте ұстағанымыз жөн. Осы тұрғыдан қарағанда, ХІІ ғасырда Арыстан баб ғимаратының болмауы да мүмкін.

Қазіргі күні бұл жер халықтың ең көп зиярат ететін қасиетті орын. Қазақ арасында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –239-241-бб.; https://www.youtube.com/watch?v=vQFkra9IKiw; Қазақ халқының тарихи тұлғалары. 1-кітап. –Алматы: Өнер, 2016. –314 б.