Қалашық Түркістан облысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорғаннан 70 шақырым жерде, Қаратаудың солтүстік беткейінде орналасқан. Қалашықтың аумағы 19 гектар. Хронологиялық мерзімі: Х-ХVІІІ ғғ.
Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған қала. 1465-1469 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген екен. Әбілқайыр ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта Созақ қаласынан хан ордасы көшірілген. Осыдан-ақ екі мың жылдық тарихы бар бұл қаланың ерекше мәнге ие болғанын көреміз. Археологиялық зерттеулер Созақ қаласының тарихы тереңде жатқанын, шамамен екі мыңжылдықты құрайтынын айтады. Қазақ хандығының дамып, өркендеуінде ерекше үлес қосқан Созақ қаласының орын тепкен жері Қаратаудың батысында, қазіргі Созақ ауылының тұсында болған. Бұл жерде орта ғасырға жататын екі қаланың орны бар екен. Алғашқысының аты Тарсатөбе деп аталады. Қала қазіргі ауылдың солтүстік-күншығысына қарай орналасқан. Ал келесісі – ауылдың ортаңғы жағындағы жергілікті халық «Өргешігі» деп атайтын бұрынғы Созақтың орны. Ауылда бір емес екі бірдей қаланың ізі жатқанын тұңғыш айтқан қазақтың кемеңгер зерттеушісі Әлкей Марғұлан болатын. Оның жұмыстарының нәтижесі алғашқы қаланы VII–XII ғасырларға жатқызады, ал Созақта XIII -ХVІІІ ғасырлардың аралығында тіршілік болған дейді. Қалашықтағы тіршілік ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін жалғасқан.
Қаланың барынша гүлденуі ХV-ХVІІ ғасырлар Қазақ хандықтарының өркендеу кезеңіне сәйкес келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық экспедициясы жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесі қалашықтың осы күнге дейін сақталып қалған бөлшегі цитадел және шаһристаннан тұратындығын анықтады. Сондай-ақ, қаланың цитаделі төбенің күнбатыс жағындағы биіктеу тұсында болған екен. Айналасы қоршалып салынған қабырғалардан қалған іздер ол орынның қақпа болғандығынан хабардар етеді. Ал қара халық тұрған рабадтар қазіргі тұрғын үйлердің астында қалып кеткен.
Созақ қалашығы Қаратаудың теріскейінде Дешті қыпшақтың даласынан Түркістан мен Отырарға, Сауран мен Сайрамға, батыс жақтағы Аралдың маңайындағы қалаларға, Шу мен Таластағы ірі орталықтарға апаратын жолдың түйісер тұсында орналасқандығымен маңызды. Ол далалық аудан отырықшы-егіншілікпен айналысқан оңтүстікпен байланыстыра отырып, халықтардың еркін айырбас саудамен айналысатын басты орталығы болды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Созақ ірі бекіністің біріне айналды. Жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп беріп жатқан қазақ әскерлерін азық-түлікпен, қару-жарақтармен қамтамасыз етіп отырған. Созақтың ірі қала болғандығы тіпті, орыс жазбаларында да ұшырасады.
Әбілмамбет ханның тұсында (1743-1745) Созақ Отырар, Түркістан, Сауран, Өгізтаумен бірге қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы орыс деректерінде айтылады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –151-15-бб.
