АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан. Айша бибі кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.) Қарахан мемлекетінен қалған көрнекті ескерткіштердің бірі. Қазақстан мен Орта Азияның сәулет-құрылыс мәдениетінде теңдесі жоқ кесене.

Аңыз бойынша, Айша бибі XI ғасырдыңтанымал ғалымы, ақын Хәкім Сүлеймен Бақырғанидың қызы болған. Ол өмірден озғаннан кейін Айша Айқожы шейхтің тәрбиесінде болды. Айша бибі жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатып екеуі қосылуға уағдаласады. Елін, жерін қорғаумен жүрген Қарахан уағдаласқан уақытында Айшаға баруға мүмкіндігі болмайды. Ақырышыдамы таусылған Айша Қараханның мекені – Тараз жеріне өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі – Бабаджа Хатунды ертіп жолға шығады. Таразға жарты күндік жол қалған кезде өзеннің жағасына демалуға тоқтап, біраз көзін іліп ұйқыға кеткенде улы жылан шағып алады. Айша дереу сүйгені Қараханға ат шаптыртады. Қарахан емші-тәуіптерін алып жеткенде аруқыз талықсып жатыр екен. Сол мезетте Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызып үлгеріп, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» – деп үш рет айғайлапты. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп,басына әсем күмбез орнатады. Айша бибі кесенесі Орта Азияда әйел затына арналған ең алғашқы сәулет ғимараты деуге болады. Кейіннен бұл үрдіс сахара салтына жат болған жоқ.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –180-181 бб.

            Қасиетті Қазақстан. ttps://www.youtube.com/watch?v=6N4EVJgr_9c