Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының орталық базары аумағында орналасқан. Хронологиялық мерзімі: б.д.д. І -б.д. ХІХ ғғ.
Талас өзені бойында бой көтерген көне қалалардың бірі. Ортағасырлық Тараз қаласы Қазақстан тарихындағы ірі саяси, мәдени, сауда, әкімшілік орталығы болған. Қала өзінің 2100 жылдық тарихында: Далоос, Далосэ, Тараз, Янги-Тараз, Әулие Ата, Мирзоян, Жамбыл, Тараз деп атауларын бірнеше мәрте өзгертті.
Тараз қаласы 568 жылы Византиялық деректе кездеседі. Одан кейін 630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян: «Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады» деп суреттейді. Ал ІХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген ортағасырлық математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазған. Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хаукаль «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазады. Тағы бір Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, оның оры, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан» деп сипаттайды. Махмұд Қашғари болса «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады. Тараз – ерте ортағасырда осы өңірде құрылған бірнеше қағанаттың: Батыс Түркі, Қарахан, т.б. мемлекеттерінің саяси астанасы болып, Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеті мен мәдениеті дамыған, сауда мен қолөнер, ғылым мен білімнің орталығына айналған қала.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант, 2017. – 110-113 бб.