БАБАДЖА ХАТУН КЕСЕНЕСІ

БАБАДЖА ХАТУН КЕСЕНЕСІ

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан 18 шақырым қашықтықтағы Айша бибі кесенесінің жанында орналасқан. Бабаджа Хатун кесенесінің (Х-ХІ ғғ.) тұрғызылуы туралы аңыз Айша бибі кесенесінің салынуы туралы аңызбен тікелей байланысты. Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған,ол өмірден өткен соң, жас қабірдіңөмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парызадамы – Бабаджа Хатунның бейітінің үстіне орнатылған.

Кесененің шаршы тұрпаттас пішіні бар, қабырғалардың қалыңдығы 1,23 метрге жетеді. Ашық күйдірілген кірпіштен қаланған. Бабаджа-Хатун кесенесінің сәулеттік композициясы қарапайым, әрі безендірулері аз. Ғимарттың үш қасбетінде (батыс қасбеттен басқа) қуыстар мен бойтұмарлар өрнектелген. Қасбет қабырғаларының беті жалған арка тәріздес жалған терезелермен және қуыстармен безендірілген. Терезелер үстінде әшекейлеп қалаумен орындалған, кірпіштен қаланған шеңберлер бар.Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –182-183-бб.