Қостанай облысы Арқалық қаласы Екідің ауылының солтүстік-шығысына қарай, Қараторғай өзенінің екі жақ жағасында орналасқан. Хронологиялық мерзімі: шамамен б.д.д.VІІІ-ІІІ ғғ.
Ескерткіш екі нысаннан тұрады. Екідің I Қараторғай өзенінің сол жағалауында орналасқан, Екідің ІІ – биігіректе, алыстан жақсы байқалады. Екеуінің арақашықтығы 4 шақырым.
Аңызға сүйенсек, ХVІІ – ХVІІІ ғасырларда осы нысандар тұрған жерде шайқас болып, көп адамның қаны төгілген. Нақ осы жерде жауласқан екі рудың әскери басшылары ордаларын тіккен. Екідің құрылысы тастан қаланып, киіз үй тәріздес салынған. Ескерткішті 1959 жылы Ә.Марғұлан жетекшілік еткен ғылыми экспедиция зерттеді.
Ә. Марғұланның деректеріне сүйенсек, бұл ескерткіш қазақ мәдениетіндегі алғашқы үй құрылысы өнерінің дамуын бейнелейді.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –162 б.