МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Міржақып Дулатұлының кесенесі Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылдық округіндегі Бидайық ауылында орналасқан.

Міржақып Дулатұлының сүйегін Торғайдан жасақталған арнаулы экспедиция 1992 жылы қыркүйек айында Ресейдегі Карель АКСР-нің Сосновец станциясынан туған жеріне әкеліп қайта жерледі. Кесенеден онша қашық емес 70-80 м жерде М.Дулатовтың екі қабатты мемориалдық музейі орналасқан, онда жазушының қызы Гүлнәр Дулатова тапсырған суреттер мен жеке заттары бар.

Оян қазақ

Міржақып Дулатов (1885-1935) – қазақтың аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, драматург, публицист, педагог, Алаш көсемдерінің бірі. XX ғ. бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. Міржақып Торғайдағы Ы.Алтынсарин ашқан екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқиды. Училищеде қазақ тілі мен әдебиетінен Ахмет Байтұрсынов сабақ береді, Міржақып Дулатовтың әдеби және саяси қызметі онымен тікелей байланысты болады. Педагогикалық курстарды тәмамдағаннан кейін Дулатов ауылда мұғалім болады. Ол өз білімін жетілдіріп, философия, математика, әдебиетті терең оқыды, шығыс мәдениетін де, батыс мәдениетін де толық білді. 1902 жылы ауылда мұғалімдік қызметін атқара жүріп, бос уақытында әдеби кітаптар оқып, азды-көпті өлеңдер де шығара бастайды. «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары болды. Міржақыптың «Оян, қазақ!» өлеңі қазақ жастарының ұранына айналды. 1920-1930 жылдары М.Дулатұлы «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакцияларында еңбек етті, аудармашылық қызметпен айналысты.

Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған. 1928 жылдың аяғында қамауға алынып, 1930 жылы ату жазасына кесілді, кейіннен 10 жылға лагерьге ауыстырды. 1935 жылы Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде ауыр науқастан көз жұмады. 1988 жылдың қарашасында Міржақып Дулатов ақталды. Міржақып шығармалары халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде музей бар, ескерткіш орнатылған.

Міржақыптың басына зиярат етушілер шетелдерден арнайы келіп жатады. Олар кесене маңындағы мұражайға да соқпай кетпейді.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. Астана:«Фолиант» 2017,-410-411 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –235-б.