ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН КЕСЕНЕСІ

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН КЕСЕНЕСІ

Кесене Қостанай облысының орталығы Қостанай қаласынан 7 км жерде, Тобыл өзенінің оң жағалауында орналасқан. 1960 жылы құлпытас орнатылды. 1991 жылы Ы. Алтынсариннің 150 жылдығына орай ескі ескерткіштің орнына алаңы 1,5 га болатын кесене тұрғызылды. Кесене порталды, күмбезді.

Ыбырай (шын аты – Ибраһим) Алтынсарин (1841-1889) –  аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды.

Ы. Алтынсарин алғаш әдебиетімізде проза жанрының да негізін қалады. Ол әңгімелерінде жас шәкірттерді адамгершілікке, ізгілік пен бауырмалдыққа, адал еңбек пен әділдікке, әдептілік пен сабырлылыққа, зейінділік пен білімді еркін игеруге шақырды. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбеде жаңа мектептер ашты. Орынбордағы Орыс жағрафиялық қоғамының толық құқықты мүшесі болды.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –394-397-бб.