Кесене Қостанай облысы Амангелді ауданының Амантоғай ауылының маңында, Қарынсалды өзеніне жақын жерде орналасқан діни нысан. Құтан әулиенің ұрпақтары кесенені 2008 жылы жаңадан көтерді.
Құтан (шын есімі Құттыбай) Аталықұлы (шамамен 1670–1790) – әулие, көріпкел, емші, елші, би. Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Аталық Жәңгір хан кезінде танымал батыр болған. Құтан бабаға бала кезінен әулиелік қонған. Барлық саналы ғұмырын халықтың денсаулығына арнап, елдің, жердің тағдырына араласқан. Абылай хан заманында Құтан әулие ханның кеңесшісі, би болған.
Тарихи деректерде Тәуке хан ел астанасын Ұлытауға көшіріп, жоңғармен соғыста қолдау көрсетедi деген үмiтпен 1686-1695 жылдары iшiнде орыс мемлекетiмен жақындасуға күш салып, қатарынан бес рет елшiлiк аттандырғаны кездеседі. Аталықтың ұлы Құттыбай 1695 жылы орыс жұртына Қазақ хандығының елшiлiгiн бастап барады. Бұл оқиға көшпелi елiмiздiң дипломатиялық саясаты тарихында алтын әрiптермен жазылған.
Өз әкесi Аталықтың, хан төңiрегiндегi тәжiрибелi мәмілегер Оразай секiлдi топ жарған тұлғалардың тәлiм-тәрбиесiн көрген Құттыбай (Құтан) есiмi сол заманда бүкiл қазақ даласына кеңiнен тараған. Қазақ тарихында ойып орны алатын осындай алып тұлғаға деген халықтың сүйiспеншiлiгi, қошемет-құрметiнiң белгiсi болар, ел Құттыбайды Құтан деп атап кеткен. Бүгiнде Кiшiтау–Ұлытау өңiрiн құтты қоныс қылған Ақтас руының бiр тармағы Құтан атына ие болып отыр. Құттыбай (Құтан) жайлы деректер М.Қаратаев, Х.Сүйiншәлиев, М.Мағауин, А.Сейдiмбек сияқты белгiлi ғалымдардың еңбектерiнде, ертедегi әдебиет нұсқаларында, ел шежiресiнде бiрде Құттыбай, бiрде Құтан деген есiммен келтiрiлсе, оны Құтан әулие деген жергiлiктi халыққа етене таныс атпен белгiлi жазушы, этнограф ғалым С.Кенжеахметов өлкетану мәселесiне байланысты зерттеу объектiсiне айналдырды.
Құтан бидiң: «Демiм таусылған жерге жерлеңдер» деген өсиетiне сай, көктемде, ел Тобыл-Құсмұрын жаққа жайлауға көшiп бара жатқанда көсем-тұлға қайтыс болады да, мүрдесi осы жерге қойылады. Ел аузындағы әңгiмелерде де, ұрпақ шежiресiнде де Құтанның жасы тоқсанға таяна бергенде қайтыс болғаны айтылады.
Торғай елi би, әулие Құтанды айрықша қадiрлеп, пiр тұтып келедi. Ауырып-сырқағандар, бала көтермеген әйелдер киелi орын ретiнде оның бейiтiнiң басына түнеп, мiнәжәт етiп, дертiне дәру, шаншуына шапағат сұрайды.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017.
–281 б.; https://turkystan.kz/article/50903-uelden-jgili-ulet; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –227-б.