Ишанның кесенесі Қостанай облысы Амангелді ауданы, Амангелді ауылында орналасқан.
Кесенені Сатыбалды ишанның үлкен ұлы Мырза ишан 1899 жылы Ташкенттен шеберлер алдырып салдырады. Екі күмбезді, порталды діни-ғұрыптық ескерткіш. Халық оны «Сатыбалды ишан тамы» немесе «Файзолла ишан мазары» деп атайды. Сатыбалды ишан (лақап аты – Қыпшақ ишан) (1826-1898) барша ғұмырын дінді насихаттауға арнаған ғұлама адам болған. Торғай уезіндегі Қайдауыл болысының Шомаң Қарасуы мекенінде дүниеге келген. Бала күнінде түс көріп, оқуға баратынын айтады. Әке-шешесінен жастай айрылса да, апасы Мұғалиманың арқасында ауыл молдасынан сауатын ашып, асырап алған әкесі Шомақтың рұқсатымен Тәшкентке аттанады. Ұзақ сапардан кейін көптеген қиыншылықтар мен ауыртпалықтарды бастан өткеріп, медресеге оқуға түседі. Кейін оны ынталы оқушы ретінде Бұқараға Көкілташ медресесіне оқуға жібереді. Он төрт жыл табанды оқып, құранды жетік меңгеріп, Орталық Азия мұсылмандар кеңесі алдында емтиханды үздік тапсырып шығып, «Ишан» атағын алған. 1862 жылы Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып үлкен беделге ие болады. Дін жолындағы ғұламалығы барша өңірге, оның ішінде Қазақстанға, өзінің туған жері Торғай өлкесіне де жетеді.Оны естіген Торғай билеушісі Сүлеймен төре Сатыбалдыны елге шақыртып алады. Ишан елді имандылыққа бастайды, мешіт, медресе салдырып жастарды дін исламға тәрбиелейді. Торғай өлкесіндегі бас діни басшы болды. Оның ерекше қасиеттің иесі екендігін растайтын ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы өзінің туған жерінде жерлестеріне ислам негіздерімен қатар, бөтен елде жүрген кезде меңгерген көптеген даналықты да үйреткен болатын.
Торғай өлкесінде ислам дінін таратуға, халықты имандылыққа, инабаттылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, тазалыққа тәрбиелеуде Сатыбалды ишанның еңбегі өте зор болған. Қайтыс болғаннан кейін әулие саналған. Бұл кесенеде Сатыбалды ишанмен қатар, баласы құран-қари Файзолла ақын Сатыбалдыұлы мен оның досы Омар қалпе Тепекұлы да жерленген.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017.
–285 б; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –240-б.