Жәуке Назарғұлұлы кесенесі Қостанай облысы Арқалық қаласы маңындағы Екідің құрылыстарының аралығында орналасқан. Жәуке батырдың ұрпақтары 1995 жылы табиғи тастан жаңа мазар көтерді.
Жәуке Назарғұлұлы (1822-1904) – Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрескен Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қаһармандарының бірі, батыр, қолбасшы. Амангелді ауданы Ақшығанақ қонысында дүниеге келген. Жәуке кішкентайынан намысқой, өр мінезді боп өссе керек. Бірбеткейлігі, адамгершілігі, қайсарлық пен өжеттігі батырлыққа ұласқан. Ел аузындағы аңыз-әңгіменің бірінде: «Бала Жәуке інісі Жемеңкемен аңға шығады. Ауылдан едәуір ұзап кеткен балалар екі айырылған жолға түсіп екі жаққа кетеді. Содан уәделі жерге келген Жәуке бауырын біраз күтіп отырады да «қой, болмас» деп іздеуге шығады. Көз ұшында қос шоқтал көрінеді. Жақындап келгенде сөйлерге тіл жоқ, шүберектей бозарған інісін және оны арбап тұрған адамның балтырындай сұр жыланды көреді. Қолындағы сегіз өрімді қара қамшымен осып кеп өткенде, әлгі сұр жылан қақ бөлініп, иретіліп кете барады. Осы сегіз өрімді қара қамшы кейін ес тоқтатып, ел ағасы атанғанда да Жәуке ордасының қақ төрінде тұрады екен», – дейді.
Жәуке батыр Кенесары әскерінің құрамында соғысқа 16 жасынан бастап қатысқан. Ол 1838 жылы Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алған. 1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың арқасында Кенесары Қасымұлы Торғай жағалауында қыстап шығады. Кейіннен Кенесары ханның ордасы осы жерге көшіріледі. Кенесары сарбаздарының отаршылдармен Өлкейек өзенінің бойындағы, Толыбай, Балапан мекендеріндегі қақтығыстарында, Ресей үкіметінің жандайшабы Ахмет Жантөрин отрядына қарсы 1844 жылғы соғыста, Екатеринск станциясына шабуыл кезінде ерекше көзге түскен.
Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген. Қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін елін, халқын қорғаған батыр барлық саналы ғұмырын ел бірлігі үшін ат үстінде өткізген, сыртқы жаулардан елді қорғаған.
Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» атты зерттеуінде Жәуке батырдың есімі аталып, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясында, ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың көркем тұлғасы сенімді өрнектелген. Туған жері Сарыторғай ауылында Жәуке батырдың ескерткіші, Амангелді ауданының орталығында Иман, Жәуке және Қошқар батырларға мемориалдық-композициялық ескерткіш қойылған. Амангелді ауданы орталығындағы бір көше Жәуке батырдың есімімен аталады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –374-375-бб.; Кенжеалин Ж. Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа. –Алматы: ҚАЗақпарат, 2012. –534 б. Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –218-б.