Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің аңғарында, оң жағалаудан 2 шақырым қашықтықта, Малшыбай ауылынан жақын жерде орналасқан. Ескерткіш XI-XII ғғ. Алаша ханның құрметіне салынған. Оның есімі қазақтың үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Қазақ халқының этногенезінде, әуелде қазақ қазақ атанбай тұрғанда, IX-X ғасырда оның алғашқы аты «Алаш» екен. Алаша (Алаш) хан – халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп атасы. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар – көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі.
![]()





Рашид ад-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Шоқан Уәлихановтың пікірінше, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туғандықтан, «Алаша» деген ат беріп, оны ұнатпай, Сыр бойынан Арқаға жібереді. Аз уақыттың ішінде оның қасына жігіттер жиналып, елде беделі асады. Алаша білімпаз, кемеңгер кісі болғандықтан, алашаға салып, хан көтереді. «Алты алаш» сөзі Оғыздың алты ұлының соңынан ерген алты тайпа деген мағынада айтылады. Алтын Орда құлаған соң «Алаш» көшпелі қазақтарды біріктіретін ұранға айналды. Мифопоэтикалық ортада бүкіл ұлыс үшін айтулы оқиғаның басында тұрған әрі ұйытқысы болған тұлға.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –248-250-бб.
Қасиетті Қазақстан.