Теректі әулие Қарағанды облысы Жезқазған қаласынан 85 шақырым қашықтықта, Теректі стансасынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Хронологиялық мерзімі: қола дәуірі (б.д.д. 2-1 мың жылдықтың басы); скиф-сібір дәуіріне (б.д.д. XII – б.д. I ғ.) және орта ғасыр.
«Теректі әулие» көне дәуірдің петроглифтерімен қатар, ерте темір дәуірінде бағалы металдарды өндірген орындар мен түрлі қорғандардың ізі қалған киелі мекен. Петроглифтердің арасында ең көп кездесетіні – аттың суреті. Сонымен қатар, түйе, бұқа, теке, бұғы, жылан, мысық тұқымдас жыртқыш, сондай-ақ, қос ат жегілген арбаның суреттері де бар. Ал түрлі белгілер мен таңбалардың, геометриялық фигуралардың көптеп кездесетіндігі бұл жердің ежелгі дәуірде құрбандық шалатын орын болғандығын айғақтайды. Бұл жерден көшпенділердің жануарларлардың бейнелері арқылы тәңірлік, мифологиялық, діни пәлсапалық дүниетанымдарын және 12 жылдық күнтізбесін аңғаруға болады. Теректі әулиедегі іздер көптеген мифтер мен аңыздарға арқау болды.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –75-77 бб.