Ескерткіш Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 58 шақырым қашықтықта, Қаракеңгір өзенінің оң жағасында орналасқан.Хронологиялық мерзімі:VІІІ-ІХ ғғ. Домбауыл ғұрыптық ескерткішін 1946-1947 жылдары Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген.
Кесене ғимараты биіктігі 5 метрден асатын конус тәрізді (шошақ пішінді) төртбұрышты негізге қойылған, тас плиталарынан қаланған. Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсата созып барып қүмбезделген тас қесенелерді «үйтас», «дің» деп те атаған. Ғалымдардың пікірінше,Домбауыл кесенесі ғұндар билеген кезде салынған деп есептеледі. Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен, ал өзінің болғаны тарих пен мифпен (ертегі-аңызбен) ұштасады. Қазақ халқының аңыз-әфсанасына сенсек, Домбауыл Найманнан шыққан батыр. Домбауыл көзі тірісінде Жошы ханның сенімді серігі, сарай мергені болғанға ұқсайды. Себебі, Жошы ханның мазары мен Домбауыл кесенесінің арасы өте жақын. Домбауылдай батырдың атын асқақтатқан, оның қос ұлы– Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа заманында дәулескер күйші болған екен. «Ақсақ құлан» күйінің авторы Домбауылдың ұлы Кет-Бұқа деген жорамалдар да бар. Әйгілі тарихшы Құрбанғали Халитұлының «Сегіз оғыз» елінің қалай қалыптасқанын баяндағанда теріс таңбалы тайпа аты – Домбауыл болған.
Серік Ғабдуллиннің жазбалары бойынша Домбауыл батыр Шыңғыс ханның оң жақ тізесінен орын алған ықпалды адам ретінде айтылады. Домбауылдың қадіріне жетіп, оның қасиетін ұққан Шыңғыс хан оны үлкен ұлы Жошының қасына ақылшы етіп қосады. Домбауыл Шыңғыс ханның үнемі жанында ұстаған аңдасы, мергені екен. Хан саят құрып аңға шыққанда, Домбауыл әркез қасында болған. Бәйтерек басына ілген күміс теңгені көздемей түсіретін ғаламат мерген, айтулы батыр және домбыра мен қобыздан күмбірлетіп күй төгетін күйші, сазгер адам болған.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:
Фолиант, 2017. –160-161 бб.