ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫ

ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы орталығы Шәуілдірден солтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Хронологиялық мерзімі: І–ХVІІІ ғғ.

Отырар қаласы – тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб аттарымен белгілі қала орны. Отырар орнында елді мекеннің пайда болуы б.д.д. ІІ ғасырына сәйкес келеді.Оның негізін қаңлылар қалаған.Ежелгі түркі жазбаларында (VI-VІІІғғ.) қала бірнеше рет Қаңлы-Тарабан аталған.Отырар қалашығыИран мен Орта Азиядан Сібірге Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Сонымен бірге қала Орта Азияның мәдениет пен ғылым орталығына айналды. Отырар ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал.

Ежелгі жазба деректерде: «Отырардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған». Яғни, Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатқан. Ал оның аудандарында түрлі әдемі ою-өрнектермен өрнектелген үйлер мен әр ауданның тұрғындарына тән атаулары болыпты. Мысалы, Алтынтөбеде зергерлер, Пышақшытөбеде – қару-жарақ жасаушылар, Құйрықтөбеде – қасапшылар тұрған. Олардан басқа Жалпақтөбе, Мардан-құйық деген тұрғын аймақтары болған. Отырар маңынан ХІІ-ХІІІ ғғ. жататын көзеші шеберханасы мен шеберлердің жасаған таңғажайып қыш ыдыстары табылды.

1219 жылы Отырар қаласын моңғол әскерлері басып алды.ХІV-ХV ғғ.қала қалпына келіп, маңызды және экономикалық, Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығына айналды. Мұнда ақша соғатын орын жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, XIII ғасырдың аяғында Масуд-бектің ақша реформасынан кейін қала шаруашылығы жанданған.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант,  2017. –107-110 бб.