АҚМЕШІТ ҮҢГІРІ

АҚМЕШІТ ҮҢГІРІ

Ақмешіт үңгірі Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында, Шымкент қаласынан шамамен 90 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Үңгір – әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық – жарқабақ. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді.

Үңгірдің ішінде ұзындығы 7-8 метрдей жырық бар. Сонымен адамдар еңбектей көтеріліп, Алладан тілек тілейді. Ақмешіт үңгірімен байланысты бірнеше аңыз-әңгімелердің бірінде: бұл үңгірде халық үшін маңызды үлкен мешіт болған. Мешітке сырттан кіретін жол болмады, оның қай жерде екенін ешкім білмеді. ХХ ғасырдың басында күмбездің бір бөлігі құлап, орнында осы үңгірге кіретін саңылау пайда болды. Адамдар осы жерге сатылар салып, зияратшылар келіп, тәу ететін орынға айналды. Орталық күмбезге келетін төрт жерасты жолдары болған. Жер қыртысының өзгерістеріне байланысты жерасты жолдары жабылып, бірнеше жылдар жер астында қалған. Тек ХХ ғасырдың басында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде күмбезді орын қалпына келтірілген. Ақмешіт атауын алған бұл үңгір келушілерді өзінің ерекше тылсым дүниесімен қызықтыруда.

Бұл жер – перзент сұрағандарға – перзент, шын ниеттеніп келгендердің ниетін қабыл ететін киелі жер. Сондай-ақ тіл, көз, дуаны сылып тастайды екен. Ақмешіт үңгірі қашанда қоңыр салқын: жер үстінде аптап ыстық, мұнда 17-19 градус шамасында.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –32-35 бб.