ЖЫЛАҒАН АТА БҰЛАҒЫ МЕН ҮҢГІРІ

ЖЫЛАҒАН АТА БҰЛАҒЫ МЕН ҮҢГІРІ

Жылаған ата үңгірі  Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде, Қаратау жотасы, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойында орналасқан. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында 10-12 м биіктіктен диаметрі 15-18 см қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады.

Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады.Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Сарқырамадан айырмашылығы – «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды, тек басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал пиғылы жаман қарау адамға ақпайды», – деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның көз жасы» дейді.

Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геологтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жай ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңқалған зерттеушілер «Бұл – шынында да Құдіреттің күші!» деген екен. Үңгірдің оң жағында кішігірім кесене – сопа салынған. Аңыз әңгімелер бойынша, осы сопада түнеген құрсақ көтермеген әйел нәрестелі болады екен.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант, 2017. –28-32 бб.