Ағыбай Қоңырбайұлы кесенесі – ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Кесене Бетпақдаланың солтүстік-шығысындағы Тайатқан-Шұнақ тауының маңайында, Босаға өзенінің аңғарында орналасқан.


Ағыбай батыр кесенесі шаршы түрінде салынған, бір бөлмелі күмбезді кесене. Сыртқы бұрыштары қосар мұнаралармен өрнектеліп, күмбезі өріліп шығарылған. Ілкіде ұшар басына Ағыбай батырдың самаурыны қойылған. Кіретін бөлігі жеңіл ағашпен айван үлгісінде жабылып, оңтүстіктен шығарылған. Бөлменің ішкі бұрыштарындағы ширек бағаналар күмбез шеңберімен бірігіп кеткен. Бөлменің төменгі жағы ақ түсті, жоғарғы жағы сарғыш түсті әкпен әктелген. Кесене ішінде 12 мәйіт бар. Ағыбай батырдың сағанасы бөлменің түкпірінде солтүстік-батыс бұрыштан екінші орында жатыр.
Ағыбай Қоңырбайұлы (1802–1885) – Кенесары Қасымұлының Ресей отаршылдығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Ағыбай батыр Ұлытау тауының етегіндегі ауылда дүниеге келген. Патша әскерімен шайқастарда ұтымды әдіс-айла, тосын тапқырлық қолдану арқасында әрдайым жеңіске жетіп, жорықта үнемі жолы болатындықтан ол «Ақжолтай батыр» атанды. Халық арасында оны руын көрсетіп, Шұбыртпалы Ағыбай деп те атаған. Батырдың сарбаздары дұшпанға «Ағыбайлап» шабатын болған.
Ағыбай батыр бастаған қол 1826-1849 жылдары Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары – Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатерин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша әкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеуге рұқсат бермеген.
Кенесарының бас батыры Ағыбайдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. ХІХ ғасырдың аяғында «Ағыбай батыр» қиссасы шықты. А.Нысанбай жыраудың «Наурызбай-Қаншайым» жырының, I. Есенберлиннің «Қаһар» романының бас кейіпкері.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –368-369 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –101-б.; Ақжолтай Ағыбай батыр. –Алматы: Ғылым, 2001. –632 б.
