Аяққамыр кесенесі
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Қарағанды облысы
Киелі орынҚарағанды облысы

Аяққамыр кесенесі

Аяққамыр кесенесі қирандыларына қарағанда, оның осы аймақтағы ең көне кесене екенін көрсетеді. Бұл кесене – сондай-ақ Темірқұтлық кесенесі деген басқа атаумен де белгілі.

48°07′ с.е. · 66°59′ ш.б.

Аяққамыр кесенесі – ІХ-ХІІ ғасырдың соңындағы Орталық Қазақстанның көрнекті ескерткіштерінің бірі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезді кентінен солтүстік-батысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан. Архитектуралық құрылымы мен безендірілуі – оғыз-қыпшақ дәуірінің құрылыстарына тән. Оның батысында 300 м жерде орналасқан Аяққамыр қаласының орны бар. Кесене порталды-орталықтандырылған күрделі құрылыстар қатарына жатады. Оның алдыңғы жағы П әрпі секілді жиектеліп, монумент түрінде безендірілген. Кіретін қуысты түзу аркамен жапқан. Құрылысына күйген кірпішті пайдаланып, оны жарты оюлы тақтайлармен қаптаған екен. Тікбұрышты құрылыс жоспары үш көлемнен тұрады: ғимараттың текшесі, порталы және күмбезі.

Академик Ә.Х. Марғұлан Аяққамыр мазары шыңғыс ұрпағы Құтлық Темірге арналып салынған болса керек деген болжам айтады. Аяққамыр кесенесі жайлы Ш.Уәлихановтың, Г.Герасимовтың зерттеулерінде айтылады. Жергілікті халық арасында бұл кесенеге қатысты көп аңыз тарала қоймаған. Зерттеуші Г.Герасимов өз еңбегінде былай дейді: «...Бұл кесененің жергілікті тұрғындар арасында қалай, қашан пайда болғанын көрсететін аңыз-әңгімелер сақталмаған. Аяққамыр кесенесі қирандыларына қарағанда, оның осы аймақтағы ең көне кесене екенін көрсетеді. Бұл кесене – сондай-ақ Темірқұтлық кесенесі деген басқа атаумен де белгілі. Алайда дәл осыған ұқсас атау осы күмбезден 15-16 шақырым орналасқан екінші, сыртқы келбеті біршама тартымсыз кесенеге де берілген. Олардың қайсысына құқығы бойынша «Темірқұтлық» деген атау тиесілі, оны дәл басып айту – бүгінде қиын, өйткені бізде бұл мәселеге қатысты тарихи дерек қолымызда жоқ», – дейді.

Кесенені алғаш рет 1946 жылы Қазақ КСР ғылым Академиясының Орталық Қазақстан археология экспедициясы (Ә.Х.Марғұлан) зерттеді. 1973 жылы ҚазКСР Мәдениет министрлігінің экспедициясы өлшеу мен фотофиксация жұмыстарын жүргізді (М.А.Маманбаев, М.К.Сембин, М.С.Нұрқабаев).

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –258 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –115-б.; Сембин М.К. Мавзолей Аяк-Камыр /историческая справка/, 1977. Архив НИПМ.