Байғозы батыр кесенесі (ХІХ) – Қарағанды облысы Шет ауданы Жаман Сарысу өзенінің бойында Ағадыр кентінен солтүстік-батысқа қарай 50 шақырым, Жыланды бөлімшесінде маңында орналасқан тарихи ескерткіш. Байғозы батыр жатқан жерді халық «Батыр басы» деп атайды.
Байғозы Наймантайұлы (1705-1803) – қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар (қалмақ) шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыста ерен ерліктер жасап, иісі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Әкесі Наймантай батыр Сүтемгенұлы Тәуке ханның бас батырларының бірі болған (бейіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесіндегі қорымда). Байғозы батырдың шешесі Шолпан Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы. Әкелі-балалы батырлар есімі жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Байғозы алғаш əкесі Наймантайға еріп, жауға аттанғанда жасы он сегізде екен. Бұл 1723 жыл болса керек. Сол жылы қыс қатты болып, қазақ даласы “ақ мешін” жұтына ұшырайды. Жұттан тұралап шыққан елге жоңғардың 70 мыңдай əскері тұтқиылдан лап қояды.
Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған шайқастардың бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен Байғозы батырдың небір ғажайып оқиғалары Ш.Уәлихановтың, Мəшһүр-Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр-толғауларында кездеседі. Ш.Уәлиханов өзінің «ХVІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыз» деп аталатын еңбегінде жоңғарлармен болған бір ұрыста Байғозы қалмақтың ту ұстаған басшы батырын садақпен атып түсіріп, жаудың бетін қайтарып, Абылай хан мен Шақшақ Жәнібек бастаған қазақ қолын жеңілістен сақтап, күтпеген жеңіске жеткізгенін сипаттай келіп: «Тарақты Байғозы батырлығын осылай бастайды және содан былай оның атағы әйгілі болады» деп жазды.
Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, Байғозының өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант, 2017. –334-335 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –117-б.
