Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылында Аппақ ишан мешіті – XIX ғасырдың ақырындағы архитектуралық ескерткіш. Мешіт-медресені Түркістан қаласынан ағайынды ишандар – Қосым және Құлатай бастап, Қосым ишанның баласы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған. Әкесі Сейдахметтің ұлына әу баста азан шақырып қойған есімі – Мақсұм. Ұзын бойлы, арықша келген, келбеті келіскен кісі екен. Үнемі үстінен ақ киімі түспеген тақуа адам болған. Мүмкін оны жұрт сол үшін де Ақ ишан деп атаған шығар. Мешіт медресе ашылғанын естіген халық жан-жақтан ағыла бастайды. Шағын мешітте шәкірт тәрбиелеу үшін кең бөлмелер қажет болғандықтан, Сейдахмет патша ағзамның шенеуніктеріне мешіт-медресе тұрғызуға рұқсат алады. Мешіт-медресенің үш комплексті құрылысы бірнеше жылдарға созылған. Мешіт, дәрісхана, құжыралар бірінен-бірі бөлек салына отырып барлығы тұйық төрт бұрышты бір алаңға жинақталған. Мешіт-медресенің құрылысына ағаш материалдары қолданылмаған. Күмбездер еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштардан өріліп шыққан. Мешіт және айван бөлігі аркалар – доға тәрізді жабын арқылы бөлініп 35 күмбез жасалынған. Бұл күмбездер уақытында дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Күмбездерді қай жағынан қараса да бірінен-бірі биік, сатыланып жасалынған. Бас күмбез алыстан көз тартып ерекше сән беріп тұр. Шаяндағы Аппақ ишан мешіт-медресесі өз заманында Қазақстан бойынша ең ірі оқу орындарының бірі болған.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:
Фолиант, 2017. –288-290-бб.
