Гауhар ана кесенесі – ХІІ-ХІV ғасырларда салынған порталды-күмбезді құрылыс. Түркістан облысы Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан–Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан.
Гауһар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Гауһар ананың емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Оның қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ, тек 1122-1124 жылдары туып, шамамен 1187-1197 жылдары дүниеден озған деген жорамал бар.
Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі. Ана өмірден өтерінде: «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп аманаттаған екен. Гауһар ананың інісі Ибраһимді халық өздері қазған құдықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген екен. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр. Аңыз-әңгімелерде Гауһар ананың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады. Патшалық Ресей кезінде ескерткіш мүжіліп, жартысы құлап қалған екен. Кейін ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта кесене тұрғызылды.
Бүгінде Гауһар ана кесенесіне келушілер өте көп. Әлі күнге дейін кесенесінің маңында емдік қасиеті бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Келушілердің көбі дертіне шипа іздеп, талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Тіпті кейбіреулер дертінен құлан-таза айығып кетіп жатады. Сырт кескіні архитектуралық келісті кесенелер негізінен әйелдерге арналған.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –188-189-бб.
