Ботагөз кесенесі – қазақтың қарапайым қызының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, сұлулықтың, ар-ождан тазалығының ескерткіші, ұлттық сәулет өнерінің туындысы. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Кемер ауылдық округінің батысында 40 шақырым жерде орналасқан.
Ботагөз туралы мәліметтер «Ойыл» (2001), «Ақтөбе облысының табиғи-тарихи-мәдени орындары» (2004), «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» атты кітаптарда (2007), «Ақтөбе облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері» атты 13 томдық ғылыми басылымның Ойыл ауданына қатысты 6-шы томында (2012) келтірілген.
Тама Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні Ботагөз батыр (1719-1747) – елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғаған батырлардың бірі. Ботагөз туралы деректердің бірінде: «Үстірт жотасындағы «Сам» құмын қыстап шыққан Есет батырдың елу атқа мінерін ертіп Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға жүріп кеткенін естіген жау бейбіт жатқан ауылдың жылқысын түн жамылып келіп, шетінен қуып айдай бастайды. Осы сәтте жігіттердің басын қосып үлгерген Ботагөз ерлерше киініп, қалмақтарға тұтқиылдан тиіседі. Ботагөз бастаған топ жауды екі жақтан қуып, айламен қоршап, қалмақтың Қонды деген батырын қолға түсіреді. Жаудың біреуі де тірі қалмайды. Қондыны бұғалықтаған «жігіт» – Ботагөз екен», – деп қыздың батырлығын сипаттайды.
Тарихи дерек бойынша, Ақкете Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботагөздің некесі қиылып, отаулары тігіледі. 1747 жылғы қоян жылының көктемі мен жазында бір тамшы жауын жаумай, мал баққан қазақ шаруалары қатты күйзеліске ұшырапты. Жолшыбай кіші орта Құлшығайдан өтіп, әбден болдырған көш түйелерін шөгеріп, жүктерін түсіріп, дамылдаса керек. Бөтагөзге «Атаң шақырады» деген хабар жібереді. Есіктен кіре иіліп сәлем етіп, тізе бүккен келінге төрде шынтақтай жантайып жатқан атасы: «Жер ыңғайын дұрыс болжағандайсың қызым, тек мына құдықшылар ауыз суды шығара алмай жатқан көрінеді, күрек салар жерді өзің көрсетерсің», – дейді. Ботагөз қасына Садықты, бірнеше қыз-келіншектерді ертіп, су іздейді. Жан-жағын барлап, сайдың тақырлау жеріне шығып тұрған бір түп қамысты көреді. Қамыс, ши шыққан жерде жер асты суы жақын болатынын жадында сақтаған қыз қамысты тартып қалғанда су білінеді. Кетпенмен екі-үш ойғанда-ақ мөп-мөлдір бұлақтын көзін ашады. Келе жатқан көш сол бұлақтан су ішеді, осы бұлақ «Ботагөз бұлағы» деп тарихта қалды.
Ботагөз дәл осы жерде кенеттен ауырып құлайды. «Көз тиді» деп жасалған ем-домнан шипа болмай, Ботагөз көз жұмады.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –127-б.; Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана: 2018. –46-б.
