Дүйсенбі ахун мешіті
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Ақтөбе облысы
Киелі орынАқтөбе облысы

Дүйсенбі ахун мешіті

Дүйсенбі Имашұлы (1865-1920) – сауатты, арабша оқып, молда болған, орыс тілін және теріс оқуды да білген, әулие болған адам.

Дүйсенбі ахунның мешіті Солтүстік Арал маңы аймағының көрнекті ғұрыптық ескерткіші болып табылады. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылынан 7 шақырым солтүстікте тұр. Мешіт төртбұрышты, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа созыла орналасқан.

Ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазКСР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғалиев) зерттеді. Зерттеуші С.Әжіғалидың «Ескерткіш – ел тарихы» атты кітабында және «Көшпенділер сәулеті еуразия тарихы мен мәдениетінің феномені» атты монографиясында Дүйсенбі ахун мешіті туралы мәліметтер қамтылған.

Дүйсенбі Имашұлы (1865-1920) – сауатты, арабша оқып, молда болған, орыс тілін және теріс оқуды да білген, әулие болған адам. Дүйсенбі 1885-1886 жылдары арнайы діни медреседе оқып, елге 1904 жылы оралады. 1908-1909 жылдары ауыл тұрғындары Дүйсенбіге мешіт ашуға қолдау көрсетеді. 1913 жылы мешіт құрылысы толық аяқталады.

Дүйсенбі көріпкел адам болған екен. Мешітке біреу ауырып келе жатса, оны алдын-ала біліп, сезіп отырған. «Екі періні ұстап, оны мешіттің босағасына байлап тастаған» деген аңыз бар. Үлкендердің айтуына қарағанда, ол кісі түн ішінде ақ көйлек, ақ дамбалмен мешітті айналып, кезіп жүретін болған. Бір күні қызметшісіне: «Мен кішкене көз іліндіріп алайын. Сен ұйықтамай күзетіп отыр. Ұйықтап кетсең маған қауіп төнеді»,– деп ескертеді. Әлгі қызметші таң ата қалғып кеткенде, босағадағы екі пері аққу болып ұшып кетеді. Міне, осы оқиғадан кейін Дүйсенбі мазасыз күй кешіп, дүние салыпты.

Сілтеме:Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –134-б.; 2. Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –54-б.