Балғасын қорымы
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Ақтөбе облысы
Киелі орынАқтөбе облысы

Балғасын қорымы

Мұнара ұзақ уақыт бойына қыпшақ дәуірінің ескерткіші деп есептелініп келген.

Балғасын – орта ғасырлардан сақталған көне қорым, сәулет өнері ескерткіші. Ақтөбе облысы қазіргі Шалқар қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде орналасқан. Қорымды XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Орынбор ғылыми архив комиссиясының мүшелері А.Матов, И.Хохлов, Ж.Кастанье, 1979-1980 жылдары Қазақстан Мәдениет министрлігінің экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғалиев) зерттеген. Қорым Балғасын мұнарасының қалдығынан, Оңалбек ата (шамамен XVII-XVIII ғғ.) кесенесінен және шикі кірпіш пен тақтатастан салынған көптеген бейіттерден тұрады.

Мұнара ұзақ уақыт бойына қыпшақ дәуірінің ескерткіші деп есептелініп келген. Қазақстан Мәдениет министрлігі экспедициясының зерттеулері нәтижесінде Балғасын мұнарасы XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың басындағы қазақ-өзбек-ноғай дәуірінің құрылысы екендігі анықталды. Құлағанға дейінгі (1900) мұнара сипаттамаларында, әсіресе А.Матовтың суретінде (1897), кесенеде Әмір Темір заманындағы сәулетшілер мектебінің белгілері айқын байқалады. Балғасын мұнарасы өте жоғары сапалы күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, күмбезі көгілдір эмаль жалатқан кірпішпен қапталған. Балғасын мұнарасының архитектурасы Мауераннахр және Дешті Қыпшақ мемориалдық құрылыстарымен композициялық байланысын көрсетеді.

Балғасын мұнарасына 2005 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде керамикалық бұйымдар, қазан сынықтары, моншақ, таспихтар, жебе ұштары және 1859 жыл белгіленген 5 тиындық орыс ақшасы, 400-500 м жерде кірпіш күйдіретін пештің орны табылды.

Ел аузындағы аңыздарға сенетін болсақ, Балғасынды белгісіз тақуа бойжеткеннің жерленген жеріне әкесі келіп тұрғызған делінеді. Екінші аңыз бойынша, мұнара өздігінен үш күннің ішінде жердің астынан өсіп шыққан. Үшінші аңызда, кесенені бес мың татар саз балшық пен ана сүтін араластырып, күйдірілген кірпіштен тұрғызып, белгісіз бағытта кетіп қалған деп баяндайды. Көне мәліметтер қазақтардың Балғасын ескерткішін қасиетті санағандығын дәлелдейді. Құрсақ көтере алмай жүрген әйел адамдар кесененің басында түнеп, жақсы түс көрсе, міндетті түрде сәбилі болады деп сенген.

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –131-б.; 2. Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –39-б.