Есім хан кесенесі – XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Түркістаноблысы, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 м жерде орналасқан. Кесене XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында қираса керек. Оның сақталған бөлігі 2000 жылы қайта жөнделді.
Есім хан – «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған қазақ хандарының ішіндегі ерекше тұлға. Ол хан болып 1598 жылдың күзінде, өзінің бірге туған бауыры Тәуекел қайтыс болғаннан кейін жарияланды. Есім сол кезде Ташкенттің билеушісі және қазақтардың мыңдаған әскерінің қолбасшысы болатын. Сонымен қатар, ол даңқты сұлтан, ержүрек жауынгер, ысылған мемлекет қайраткері еді. Қасым мен Тәуке хан секілді ол «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағын енгізді. Дипломатияны шебер меңгерген Есім хан билігі (1598-1628) тұсында қазақ хандығы жоңғар-қалмақтан көп аймақты қайтарып алды. Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. 1598 жылы Ясы (Түркістан) біржолата қазақ хандығының қол астына өтіп, Есім ханнан бастап қазақ хандығының астанасына айналды да, қазақ хандары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен» деген арғын Қаз дауысты Қазыбек биден артқыға сөз қалған.
XVII ғасырдың басында Ташкент билеушісі Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісе түсті. Шамамен 1616-1614 жылдары аштарханилық Имамқұли қолдауымен Есім ханнан билікті тартып алған Тұрсын хан 13 жылдай Ташкентте хан болып отырады. Есім хан Шығыс Түркістан билеушісі шағатайлық Абд әр-Рахимның ордасына кетеді. Ол жақта алты жылдай болып, саяси оқиғаларға араласады. 1623/24 ж. Есім хан оралады. Тіпті 1624 жылы Есім хан Тұрсын ханның Андижан жорығына қатысады. Бұхара әскері жеңіліске ұшырайды. Осыдан кейін Есім хан Түркістан қаласына орнығады. 1626/27 жылы Есім қалмақтарға жорық жасауға кеткенде, Тұрсын хан Түркістандағы Есім ханның Ордасындағы адамдарды қырып салады да, Есімнің әйелдері мен балаларын, барлық қызметшілерімен Ташкентке алып кетеді. Есім хан тез жиналып Ташкентке аттанады. Ташкент түбіндегі екі қазақ ханының ұрысында Есім хан Тұрсын ханның басын кесіп алып, Бұхара ханы Имамқұл ханға жібереді. Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, келесі 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында қайтыс болады.
Деректерде Есім ханның үш ұлының есімі айтылады. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жихангер) және Сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақта оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар болды.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –298-299-бб.; Қожамжарова Д.Н. Қазақ хандығы. –Тараз, 2015. -2008. –256 б.; Https://www.youtube.com/watch?v=25qnjy8kchi.
