Исатай хазірет мешіті
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Ақтөбе облысы
Киелі орынАқтөбе облысы

Исатай хазірет мешіті

Ел аузындағы айтылған тарихта мешітті Шомбал деген байдың баласы Ағымбай ХХ ғасырдың басында әкесіне арнап салдырған.

48°05′ с.е. · 62°24′ ш.б.

Исатай хазірет мешіті – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылынан 7 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан ескерткіш. Мешітті алғаш рет 1983 жылы ҚазКСР Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғали) зерттеді. Исатай мешіті туралы С.Әжіғалидың «Көшпенділер сәулеті еуразия тарихы мен мәдениетінің феномені» атты монографиясы мен «Ескерткіштер – ел тарихы» атты кітапта ақпараттар беріліп, 1984 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші есебінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Ел аузындағы айтылған тарихта мешітті Шомбал деген байдың баласы Ағымбай ХХ ғасырдың басында әкесіне арнап салдырған. Жыға деген ұста, шәкірттері Бисенғали, Хасенмен бірге кірпіштерді сол жерде құйып, күйдіріп мешіт құрылысына пайдаланған. Мешіт екі бөлмеден: кірер ауыз және үлкен бөлмеден тұрған. Кірер ауыздағы бөлмеде кітап қоятын сөрелер болған. Қабырғалары шикі қам кесек пен күйдірілген қызыл кірпіш араластырылып қаланған. Мұнара бөлмелерге жапсарлас бөлек салынған. Конус тәрізді мұнараның басына кірпіштен өрілген айналма баспалдақ азан шақыратын орынға алып шығады.

Мешіт құрылысы аяқталған соң Ырғыз уезі ақсақал-тәуіп болысы Саудабек Сәтбайұлы Исатай Сатыпалдыұлын (шамамен 1860-1930) Темір уезінен алдырып, осы мешітке имам етіп тағайындайды. 1930 жылы 8 наурыз күні қызыл үкімет белсенділері мешітті мемлекет қарамағына алып, қойма ретінде пайдалануды талап етеді. Мұқатай ахун, Айжарқын, Түменбай хан сияқты елге ықпалды адамдар мен Исатай ахун 400-ден аса адамды жинап, бұл қиянатқа қарсы шықты. Қызылордадан пулеметпен қаруланған, Ақаев бастаған 15 қызыл әскер, Ырғыздан 50-60 қаруланған топ көтерілген халықты қару күшімен басып, жоғарыда аталған көтерілісшілердің басшыларымен бірге Исатай да қаза тапты. Сөйтіп 30-жылдардағы «Ырғыз көтерілісінің» бастауында Исатай ахун болды.

Сілтеме:Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –136-б.; 2. Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –67-б.