Керуен сарай (мешіт, сауда орындары, жәрмеңке комитетінің үйі, мұнан әрі кешен) Ақтөбе облысы Ойыл ауданының орталығында орналасқан. Кешен туралы П.С.Паллас, Фальк, Г.Георги, П.И.Рычков, Е.Бекмаханов өз жазбаларында маңызды мәліметтер қалдырған. Кешенді жан-жақты зерттеу жұмыстары 1973 жылы басталып, 1982 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынды.
Кешеннің алғашқы атауы – «Көкжар жәрмеңкесі». Көкжар жәрмеңкесі – Батыс Қазақстанда халық өнері мен мәдениетін насихаттауға мол мүмкіндік туғызған, Қазақстан бойынша 13 жәрмеңкеден ізі қалған, архитектурасы сақталып, жойылмаған тарихи ескерткіш.
Көкжар жәрмеңкесі туралы ережелерді 1866 жылы 7-қыркүйекте Ресей ішкі істер Министрлігі бекітіп, ресми түрде 1867 жылы көктемде Орал облысы, Темір уезіне қарасты Қазбек би болысында ашылған. 1867 жылы жәрмеңкеге 137 саудагер келіп қатысты. Оған шамамен 250 мың сомның тауарлары әкелініп, оның 100 мың сомнан астамы сатылды және айырбасталды. Жәрмеңкеде 20 мыңға дейін әртүрлі мал сатып алынды. Көкжар жәрмеңкесі жылына 2 рет (15 мамыр – 15 маусым және 15 қыркүйек – 15 қазан) өтіп отырған. 1893 жылы жәрмеңке жанына Ойыл мешіті салынған. Жәрмеңкеге солтүстіктен Орынбор, Сарытау, Самара қалаларынан орыс, татар саудагерлері келіп сауда жасап ішкі байланыс орнатса, оңтүстіктен Хиуа, Бұқара, Түркменстан және Ауғанстан, Иран елдерімен сыртқы байланыс орнатып, осы аталған өңірлерден керуендер ағылып келген.
Көкжар жәрмеңкесінен Тайсойған – Мақат – Гурьев, Астрахань – Солтүстік Кавказ, Әзірбайжан, Иран елдеріне мал және мал өнімдері жөнетілген. 1867 жылы жәрмеңкеге 60 татар, 33 орыс және 22 орал казактары қатынасқан. Орал облыстық басқармасының әскери губернаторы, генерал-майор Веревкиннің Орынбор генерал-губернаторына берген мәліметіне қарағанда, 1867 жылы жәрмеңкенің алғашқы өткізілген орыны сауда ісінің талаптарына онша сай емес болғандығына байланысты жәрмеңке 1869 жылы Ойыл бекінісінің жанына – Барқын шатқалына көшірілген. Ресей статистикалық комитетінің 1911 жылғы деректері бойынша, Көкжар жәрмеңкесінің тауар айналымы 2 млн 140 мың сомға жеткен.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –125-б.; Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –69-б.
