Оңтүстік Қазастан облысы Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын-үй алабының орталық бөлігінде орналасқан.
Қарашаш ананың шын есімі Айша бибі, сайрамдық атақты Мұса шейхтың қызы болған.Айша бибі өмір сүрген XI ғасырда өлкемізде ғылым мен өнердің, мәдениеттің дамыған кезі еді. Аңыздар бойынша Қарашаш ана сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Ислам дінінің негіздерін, Құранды жатқа біліп, оны жұрт арасында тарата білген. Айшаның мінез-құлқына байланысты жұрт құрметтеп «Қарашаш ана» деп атап кеткен.
Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Кесене Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қарашаш ананың басына қойылған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғижағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Кесене төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Қазіргі кесене ХІХ ғ. ортасында салынған. 1996 ж. күмбез ақпен қапталып, оңтүстік және оңтүстік-батыс қасбеттері ұзынсүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктер бар. Ішкі бөлігінде күмбез ұшы сыланған, кіреберіс үстіндегі жарық саңылауы ағаштан жасалған панжар торымен жабылған. Едендер кірпіштен қаланған.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –186-188 бб.
