Қазығұрт тау кешені
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Түркістан облысы
Киелі орынТүркістан облысы

Қазығұрт тау кешені

Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның өзіндік ерекшеліктері бар.

42°00′ с.е. · 69°28′ ш.б.

Кешен Түркістан облысының орталығы Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Талас Алатауының бір сілемі Қазығұрттың биіктігі – 1800 метр, жалпы ұзындығы – 20, ені 10 шақырымдай.

«Киелі тау», «жер жүзілік топан су», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әпсана бар. Олар негізінен иудейлік, христиандық, исламдық түпнұсқалардан тараған. Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, Нұх кемесінің таудың басына тоқтағанының өзі қарама-қайшы пікір туғызады. Өйткені, ислам қағидаты бойынша, «мен бәріңнен биікпін» деген өркеуделік болмау керек. Бірақ таудың аты тау, кеме сол жерде тоқтаған екен, аласа болса да, ол жер бетіндегі таулардың қасиеттісі саналады. Екіншіден, топан судан аман қалған кемедегі төрт түліктің төлдері Қазығұрттың басынан өсіп-өніп, көбейіп тарағаны айтылады. Үшіншіден, баса назар аударатын жайт – Нұх пайғамбардың кемесіне байланысты микротопонимдер Қазығұртпен тығыз байланысты. Қазығұрт тауының басындағы күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «кеме қалған» деп аталады. «Нұх пайғамбардың кемесінің ізі», топан су тасқыны қайтқаннан кейін «Нұх пайғамбардың және оның жанындағы адамдардың мекендеген үңгірі», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», үңгірдегі «бес саусағының ізі», «су ішкен бұлағы» деп аталатын топонимдер бар. Төртіншіден, қазақ мифінде «Құдай баста жер мен көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған» дейді. «Нұх кемесі» тоқтағанға дейін де Қазығұртқа әулиелер аяқ басқан, сондықтан «киелі тау» деп түсіндіріледі.

Бақсылар сарынында Қазығұрт ата әулиелер қатарында айтылған. С.Сейфуллин келтірген деректе: «Қазығұрттың басындағы үңгір – Қазығұрт атаның моласы. Оның белгісі – шаншулы ағаш көпке шейін тұрып келіпті. Жұрт Қазығұртқа шығып, еді. Басқа жерлерді бұлт басса, Қазығұрт басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шығып, басы көрінбей қалса, қариялар «Қазығұрт қарасын киді» деп, қатындар күпарасын киеді дейді екен, Қазығұрттың басындағы бұлт жаумай кетпейді деп, малдарын жинап, шашылған дүниелері болса, үйлеріне кіргізетін еді» деп жазылған.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант, 2017. –36-38-бб.