Шымкент қалашығы
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Шымкент қаласы
Тарихи орынШымкент қаласы

Шымкент қалашығы

Тұрғындарының саны, экономикасы және мәдени маңызы жағынан Алматы, Астана қалаларынан кейінгі республиканың үшінші қаласы атанған Шымкентке 2018 жылдан бастап үшінші дербес шаһар статусы берілді.

42°21′ с.е. · 69°27′ ш.б.

Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде Бадам мен Қошқар ата өзендерінің арасындағы биік жерде орналасқан. Хронологиялық мерзімі: б.з.б. ІI-І ғғ. Шымкент сөзі (түрікше шым – алқап, қойнау, кент – иранша елді мекен) Жасыл қала деген мағынаны білдіреді. Шымкент жерінде сақ тайпалары жасаған қола ұшты жебелер, қанжарлар тәрізді сақ қару-жарақтары табылған. Сақ ұрпақтары – кангюйлер б.д.д. І мыңжылдықта Сырдарияның орта ағысында аса қуатты Кангюй (Қаңлы) мемлекетін құра білді. Шымкент территориясында бірнеше елді мекендер болды. Олардың біразы қирағанмен, сақталғандары қорғауға алынды.

Шымкент алғаш рет елді мекен ретінде парсы тарихшысы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің (1425 ж.) біздің жыл санауымыз бойынша 1365-1366 жылдардағы Әмір Темірдің әскери жорықтары туралы жазған "Зафар Наме" атты ("Жеңіс кітабы") кітабында кездеседі. Осы уақытқа дейін ғалымдардың көпшілігі қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI−XII ғасырларда болған деген жорамал жасаған. Археолог Бауыржан Байтанаевтың археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуі барысында Шымкент қаласынан б.д.д. ІІ ғасырға жататын керамикалық бұйымдар табылды. Шымкенттiң жасы 2200 жыл деген болжамға осы жәдiгерлер себеп болды. Сонымен қатар, тарихшы-ғалым 629 жылы Орта Азия елдерi арқылы өткен қытай монахы Сыма Цяннiң жазбаларын зерттей отырып, Шымкенттiң ортағасырлардағы атауы Неджикет (араб тiлiнен аударғанда «жаңа қала» деген мағынаны бередi) болуы мүмкiн дегендi айтады. Мұны өзге де тарихи деректер қуаттай түседi. Мәселен, сол кездегi Ұлы Жiбек Жолының бойындағы гүлденген қалалардың бiрi Испиджаб (Сайрам) қақпаларының бiрi Неджикет деп аталған. Кейiннен ол «Шымкент қақпасы» деп аталған.

Моңғол дәуірінен кейін Шымкент ірі қалаға айналған. Оның қалдықтары – ескі қаланың қамалы қаланың орталығында жақсы сақталған. Қамалдың пішіні доға тәрізді, жер бедерінен 25 м биіктікке бой созған. Доға көлемі 30-45 м, бұрыш-бұрышында мұнаралар байқалады, кіреберіс қақпасы оңтүстік беттегі қабырғада. Сібір бөлімшесі корпусының тәржімашысы Филипп Назаров Шымкент бекінісін: «...Бадам өзені бойындағы (қала) биік дөңес басына салынып, жарқабақты биік қабырғасымен көмкеріп тұр. Қалаға өзен жағынан бір атпен ғана жүріп өтетіндей тар жолмен кіруден басқа амал жоқ. Су қалаға қабырғадан ойып жасалған терезешелерден кіріп, қала ішінен қазылған арналарды толтырады, бірқатарына су-диірмен орнатылған. Үйлері күйдірілген қыш кірпіштен қаланып, терезесіз салынған. Неге екенін қайдам, үй ішіне жарық түсу үшін барлық жерде есіктері ашық тұрады», – деп сипаттайды.

Тұрғындарының саны, экономикасы және мәдени маңызы жағынан Алматы, Астана қалаларынан кейінгі республиканың үшінші қаласы атанған Шымкентке 2018 жылдан бастап үшінші дербес шаһар статусы берілді.

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017.

–381-б.