Тәттімбеттің кесенесі Қарағанды облысы Қарқаралы өлкесіндегі Түндік өзенінің бойында, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапта орналасқан. Кесене ішіндегі үш бесікшенің бірінде Тәттімбеттің әкесі – Қазанғап, екіншісінде анасы Қалайы, үшіншісінде Тәттімбеттің өзі жатыр.

![]()
Тәттімбет Қазанғапұлы(1815-1862) – қазақтың күйші-композиторы, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық аспаптық музыка өнерінің (күйдің) классигі. Тәттімбеттің әртүрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйлері («Сарыжайлау», «Сылқылдақ» және т.б.) бар. 1855 жылы 24 наурызда Ресей патшасы II Александрдің таққа отыру тойына Т.Қазанғапұлы өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барады. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Петербургтің өнер сүйер қауымының назарын аударып, күміс медальға ие болады. Этнограф ғалым, жазушы, өнертанушы Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты энциклопедиялық еңбегінде Тәттімбетті қазақ қоңыр күйлерінің дәстүрін қалыптастырып, тұтас бір күйшілік мектептің орнығуына мұрындық болған ұлы күйші ретінде бағалайды.
Тәттімбет Қазанғапұлы тек күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған.
Бүгінгі күндері күйшінің туған жерінде Егіндібұлақ халық аспаптар оркестрі, Қарағанды қаласындағы музыкалық училище Тәттімбеттің есімімен, ал Ақтоғай ауданындағы халық ансамблі композитордың «Сарыжайлау» күйінің атымен аталады. 1984 жылы Егіндібұлақ ауылында Тәттімбетке ескерткіш белгі (мүс. Ж.Молдабеков, арх. А.П.Малков) қойылды.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –383-385 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –179-б.
