Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық елді мекенінде орналасқан ескерткіш 1930-1940 жылдары сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылған адамдар жерленген жер болып табылады.
Тарихшылар дерегіне сүйенер болсақ, Қазақстанда саяси көзқарастары үшін үш жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, бұлардың 30 мыңнан астамы атылып кеткен. Олардың арасында жұмысшы, шаруа, малшы, т.б. қоса, қазақ халқының саяси және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің мүрдесі жатыр. Сондай-ақ мұнда жерленгендер арасында орыс, еврей, грузин, украин, кәріс, ұйғыр және т.б. ұлт өкілдері бар.
1937-1938 жылдары Алматы қаласында және Алматы маңындағы абақтыларда НКВД-ның жер асты қапастарында атылған мыңдаған адамдардың мәйіті түн қараңғысында осы Жаңалық ауылына жеткізіліп, құлағалы тұрған үйлердің іргесіне тасталған да,үстіне қабырғаларды құлатып кете берген. Олардың арасында қазақ халқының белгілі тұлғалары мен мемлекет қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфандияров және тағы басқаларбар.
1937-1946 жылдар аралығында саяси айыппен атылып және Алматы облысы Жаңалық селосы маңында жерленгендердің тізімдері енгізілген «Азалы кітап» шықты. Бұл кітапта төрт мың бір жүз жиырма бес адам атылған деген мәлімет бар. 1990 жылы бұл жерге тас белгі қойылса, 2002 жылы ескерткіш орнатылды.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –450-452 бб.; 2. Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –283-б.
