Кесене Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаңақұрылыс ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті алғаш рет 1980 жылы ҚазКСР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғали) зерттеді. 2009-2011 жылдары кесене қайта қалпына келтірілді. Ғалым С.Е. Әжіғалидың Лондонда жарық көрген «Қазақ киіз үйі» кітабында Жаныс тамына «Қазақ даласында сақталып қалған сегіз қанатты киіз үй тәрізді кесене» деген анықтама берілген. Кесене мәдени мұра ретінде елімізде ғана емес, шетелдерге де таныс. Кесенені Жаныс би көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Сегіз қырлы симметриялы кесене аса көрнекті жерге басқа кесенелерге ұқсамайтын шеберлікпен салынған.
Жаныс би Сығайұлы (1769-1867) – әйгілі би, халық пір тұтқан тұлғалардың бірі. Ырғыз өңірінде ел басқару ісіне ерте араласып, билік құрған. Ел мен ел, ру мен ру арасындағы үлкен даулардың төбе биі болған. Жаныста Құламан тайпасының Алтай тармағының ресейлік патша өкіметі құптаған мөрі болған. Мөр ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған.
Жаныс би кесенесі қасиетті орынға айналды. Бұл кесене – ғибадат орыны. Оны жергілікті халық «Қызыл там» деп атап кеткен. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейді. Жаныстың адалдығы мен әділдігін «Жаныс биде туған жоқ, бар деушіде иман жоқ» деп нақылға жуық жолдармен айтқан.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –135-б.; Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –62-б.
