МҰЗТАУ ТАУЫ

МҰЗТАУ ТАУЫ

Мұзтау – Алтай тау жүйесінің Ресей және Қазақстан жеріндегі ең биік мұздықты шыңы (4506 м). Қатын жотасының шығыс жағын ала, Қазақстан мен Алтай өлкесінің (Ресей) әкімшілік шекарасы маңында жатыр. Мұзтаудың қалыптасу жасы 1,5 млн жыл деп саналады.

Ұшар басында Үлкен, Кіші Берел, Меңсу, т.б. мұздықтары бар, бұлардан Қатынсу өзені бастау алады. Мұзтауды қазақтар Ақсүмбі, Ақтайқы деп атаса, алтайлықтар Үч сумер деп атайды. Мұзтаумен жалғасып жатқан өзен бассейіндерінде жалпы көлемі 146 шаршы километрді құрайтын 162 мұздық бар. Олардың бастылары – Ақкем (Родэевич), Едігем өзенінің бастауларындағы Сапожников, Үлкен Берел, Катун (Геблер), Рассыпная өзеніне құятын Кара, ағайынды Троновтар.

Мұзтаудың атауы таудың басынан аяғына дейін мәңгі қалың қар басып жатқандықтан аталған болар. Алтайлықтар Мұзтауды «Құдайдың мекені», «Ұлы қария» деп еркелетіп айтады. Ал Н.К. Рерихтің пікірінше, бұл тау туралы тіпті «шөлдер де сыбырласады». Оның Мұзтаудан Жерұйықты – Шамбаланы іздегені белгілі. Бұл қосбасты жарқыраған ұлылықты өз көздерімен қызықтаған саяхатшылар, оның сөз жетпес сұлулығын, күнбатыстағы ғажайып түстерінің ауысуын, аспанға жақындығын, жұлдыздардың жымыңдасуын ешбір жермен салыстыруға келмейтіндігін таңдана айтады.

1914 жылдың 26 маусымында ағайынды Троновтар, Борис пен Михаил Мұзтау шыңына көтерілді. Кезінде Мұзтау шыңына Борис Делоне, Игорь Тамм, Борис Соустин, Рейнхольд Месснер көтерілген. Ел арасына кеңінен тараған аңыздарға қарағанда, Мұзтау киелі тау саналады.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –48-50 бб.