Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойында, солтүстікке қарай 5 шақырым жерде, Күмісті бастауының қасында орналасқан.
Ырғызбай ата Досқанұлы (1787-1850)– Шығыс өңіріне танымал молда, тәуіп, әулие адам. Абайдың әкесі Құнанбай биді емдеп жазғандығымен атағы елге жайылған. Шөптен дәрілер жасап, адамдарды емдеген, ақы талап етпеген, «Жетім-жесірге беріңдер, менің міндетім бөлек», – дейді екен.
Ел ішіндегі ақпараттарға қарағанда, Ырғызбай Досқанаұлы қайтыс боларын сезіп: «топырақ маған осы жерден бұйырған. Менің сүйегімді Кіндіктіге апармаңдар, анау тұрған құбабелге жерлейсіңдер», – деп, қазір өзі жатқан жотаны көрсетеді. «Мені сандықша бейітке қоясыңдар. Басыма зират үйін тұрғызбаңдар. Зират үйін тұрғызу келешек ұрпақтың міндеті» – деп өсиет еткен екен. Шыныбай Жәнібекұлы деген ақсақалдың түсіне кіріп: «менің басым жалаңаш жатыр ғой», – деп аян береді. Шыныбай ақсақал тастан қалап Ырғызбай атаның басын көтереді.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –271-272 бб.