АЛАКӨЛ КӨЛІ

АЛАКӨЛ КӨЛІ

Алакөл көлі Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан тұйық көл. Көлге 15-тен аса өзен құяды. Алакөл жағалауы, негізінен төрттік дәуірдің түрлі тау жыныстары – саз балшық, құмды топырақ, қиыршық тас, ұсақ құмнан тұрады.

Алакөл – емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Кезінде Жібек Жолының керуендері көл жағасын басып өткендіктен, ұзақ жолдан келген саяхатшылар жағалауда оның ауасымен демалып, көл суынан нәр алған екен. Кеңес үкіметі кезеңінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде арылған екен.

ХII-ХIХ ғасырларда көл Түрге-Нор (моңғолдың көпір-көл), Алақтагөл, Алатеңіз, Алақта болып бірнеше атауға ие болған. «Алакөл» атауының шығуы жайында ғалым Ғ. Қонқашбаевтың айтуынша, ол «Ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағына беретін ежелгі түрік және моңғол сөздерінің Ала+көл деген қосындысынан шыққан. Судың түсі түрлі түспен құбылып жатады: бірде таңғы тұнық ауада көгілдір болса, күн ұясына батар мезгілде көкшіл тартады.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант, 2017. –60-61 б.